АҚШ Кувейттегі елшілігін жауып, қызметкерлерін шұғыл эвакуациялады
Бұған дейін Кувейттің әскери күштері Иран тарапынан атылған зымыранды әуеде жойғанын мәлімдеген.
Американың CBS News телеарнасының хабарлауынша, АҚШ Кувейттегі дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлерін шұғыл түрде елден шығара бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ақпаратқа сәйкес, елшілікте жұмыс істейтін қызметкерлерге серверлердегі құпия мәліметтерді жою және маңызды құжаттарды толықтай өшіру жөнінде тапсырма берілген.
Бұған дейін Кувейттің әскери күштері Иран тарапынан атылған зымыранды әуеде жойғанын мәлімдеген. Алайда оның бөлшектері елді мекен аумағына түсіп, бір автокөлікке зақым келтірген. Оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген.
Сонымен қатар АҚШ Мемлекеттік департаменті Кувейттегі дипломатиялық миссия жұмысы тоқтатылатынын жариялады. Ресми мәлімдемеде америкалық қызметкерлер арасында қаза тапқандар жоқ екені айтылып, шетелде жүрген АҚШ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екені атап өтілді.