АҚШ-тағы үкімет дағдарысы: шатдаун экономикаға аптасына 15 млрд доллар шығын әкелуде
- авторБақытжан Бекболат
- 15 қазан, 2025
- 314
АҚШ-та үкімет жұмысының ұзақ уақыт тоқтап тұруы ел экономикасына аптасына шамамен 15 миллиард доллар шығын келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сенат үкіметті қаржыландыруды уақытша жалғастыру жөніндегі республикалық ұсынысты сегізінші рет қабылдамай тастады. Қажетті 60 дауыс жиналмай, 49 сенатор қарсы, 45-і ғана қолдады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, үкіметтің жұмысы тоқтағанына үш апта болды.
Президент Дональд Трамп бұл жағдайға демократтарды айыптап, федералды қызметкерлерді жаппай қысқарту – мәжбүрлі шешім екенін мәлімдеді. Әділет министрлігінің дерегінше, шатдаун басталғалы 4108 адам жұмыстан босатылған.
«Біз аяушылықтан ада, ұсақ есеппен әрекет ететін адамдарға халқымыздың болашағын шешуге жол бермейміз», – деді конгрессмен Дон Бейер.
Вашингтон, Мэриленд және Вирджиния штаттарында наразылық акциялары өтті. Бұл аймақтарда федералды қызметкерлердің шамамен 20 пайызы тұрады. Кәсіподақтар жұмыстан босатуларды заңсыз деп есептеп, сотқа жүгінді. Олар шатдаун кезінде де қызметкерлерді қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатысы жоқ себеппен қысқартуға болмайды дейді. Сот отырысы 15 қазанға белгіленген.
Бұған дейін Трамп үкіметтің жұмысы тоқтап тұрса да, әскерилерге жалақы төлеуді тапсырған. Бұл төлемдер Пентагонның пайдаланылмай қалған қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
Шатдаун 1 қазан күні, жаңа қаржы жылының басында басталған. Бұған республикалық және демократиялық партиялардың бюджеттің негізгі баптары, соның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша келісе алмауы себеп болған. Қаржыландыру бекітілмегендіктен, көптеген федералды мекемелер жұмысын тоқтатты, ал қызметкерлер жалақысыз қалды. Ал әскер, медицина және шекара қызметі сияқты маңызды салалар жұмысын жалғастырып жатыр.
Экономистердің бағалауынша, шатдаунның созылуы АҚШ экономикасына әр апта сайын 15 миллиард доллар шығын әкеледі.






