Адольф Гитлер дүниеге келген үйде полиция бөлімшесі ашылады
- авторБақытжан Бекболат
- 2 наурыз, 2026
- 78
Австрияда ұзақ жылдар бойы қоғам талқысына түскен нысан – Гитлер туған үйдің болашағы айқындалды. Енді бұл ғимаратта полиция бөлімшесі жұмыс істейтін болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz BILD-ке сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. AFP агенттігінің мәліметінше, полиция 2026 жылдың екінші тоқсанында осында көшіп келеді.
Гитлердің отбасы 1889 жылы осы үйдің екінші қабатындағы жалдамалы пәтерде тұрған. Алайда көп ұзамай олар Австрияның Браунау қаласынан Бавариядағы Пассауға қоныс аударған. XVII ғасырда салынған ғимарат алғашында қала тұрғынының үйі болған, кейіннен Gasthof zum Pommer атты қонақүй-мейрамхана ретінде пайдаланылған.
Үшінші рейх кезеңінде ұлттық-социалистер бұл нысанды «фюрердің туған жері» ретінде насихат құралына айналдырды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үй Поммер әулетінің меншігінде қалды. 1972 жылы оны Австрияның Ішкі істер министрлігі жалға алған. Әр жылдары мұнда қалалық кітапхана, мектеп, кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шеберхана орналасқан.
2016 жылы тарихи нысанның тағдырын шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Кейбірі бұл жерді мемориалға айналдыруды ұсынғанымен, билік ондай қадам экстремистік топтардың жиналу орнына айналып кетуі мүмкін деген қауіппен бұл ұсынысты қолдамады.
Соңында Австрия парламенті ғимаратты мемлекет меншігіне алу туралы заң қабылдады. Бұрынғы иесіне шамамен 810 мың еуро өтемақы төленді. Қайта жаңғырту жұмыстарына 20 миллион еуроға жуық қаржы жұмсалады. Үкіметтің мақсаты – нысанның бұрынғы символдық мәнін жойып, оған бейтарап сипат беру. Мұнда полиция бөлімшесімен қатар адам құқықтарына арналған оқу орталығы да ашылады.
Австрияның Ішкі істер министрлігі бұл шешімге мысал ретінде Бавария тәжірибесін келтіреді: Мюнхендегі Принцрегентенплацта орналасқан Гитлердің бұрынғы пәтері 1949 жылдан бері Бавария полициясының әртүрлі бөлімшелеріне қызмет етіп келеді.
Мұнай бағасы 100 долларға дейін көтерілуі мүмкін бе?
Ұқсас жаңалықтар
"Еуроүштік" Иранның бейберекет соққыларына наразылық білдірді
- авторБақытжан Бекболат
- 2 наурыз, 2026



