«Ғаламда бізден басқа тіршілік бар»: Барак Обама өзге ғаламшарлықтар туралы пікір білдірді
- авторБақытжан Бекболат
- 17 ақпан, 2026
- 107
Обама америкалық подкаст жүргізушісі Брайан Тайлер Коэнге берген сұхбатында «Олар бар, бірақ мен оларды көрген жоқпын» деп жауап берген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz BBC News-ке сілтеме жасап.
Бұл сөз подкасттағы «жылдам сұрақтар» бөлімінде айтылған.
Сұхбат барысында ол: «Оларды Area 51-де жасырып отырған жоқ. Президенттің өзінен де жасырылған ауқымды қастандық болмаса, ешқандай жер асты базасы жоқ», – деп әзіл аралас пікір білдірген.
Алайда кейінірек Обама өзінің ресми Instagram парақшасында жазба жариялап, сөзін нақтылады. Оның айтуынша, ғаламның шексіз кеңдігін ескерсек, статистикалық тұрғыдан басқа жерде тіршілік болуы ықтимал. Бірақ жұлдыз жүйелерінің арақашықтығы өте алыс болғандықтан, Жерге өзгеғаламшарлықтар келген болуы екіталай.
«Президенттік қызметім кезінде олардың бізбен байланыс орнатқаны туралы ешқандай дәлел көрген жоқпын. Шынымен!» – деп жазды ол.
Барак Обама 2009–2017 жылдары АҚШ президенті қызметін атқарды. Бұған дейін де ол белгісіз ұшатын нысандар (UFO) туралы пікір білдірген. 2021 жылы тележүргізуші Джеймс Корденге берген сұхбатында қызметке кіріскенде «біз бөтенғаламшарлықтардың үлгілері мен ғарыш кемелері сақталатын зертхана бар ма?» деп сұрағанын айтқан.
«Олар тексеріп көрді, жауап – жоқ болды», – деген еді ол.
Сонымен бірге, сол кезеңде әлі түсіндірілмеген әуе нысандарына қатысты жазбалар мен бейнематериалдар бар екенін де атап өткен.
Обаманың соңғы мәлімдемесі өзге ғаламшарлықтар туралы қоғамдық қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен, оның айтуынша, нақты дәлелдер әзірге жоқ.






