бейсенбі, 5 наурыз, 2026 3:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Иранда бет-әлпетті тану жүйесі арқылы жаппай бақылау күшейді

Иранда бет-әлпетті тану жүйесі арқылы жаппай бақылау күшейді
Canva
Бұл технология 2018 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде Ресейде де қолданылған.

Иран билігі азаматтарды бақылау және қысым көрсету мақсатында бет-әлпетті тану жүйесін пайдаланып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.

Бұл технологияның қалай жұмыс істейтіні туралы деректерді Spiegel журналы өзге де ірі БАҚ-пен бірлесіп жүргізген зерттеуінде жариялаған. Жүйе бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты нақты уақыт режимінде өңдеп, оны түрлі дерекқорлармен, соның ішінде полиция базасымен салыстырады.

Бағдарламада тіпті адамның бет-жүзіндегі эмоцияны анықтайтын мүмкіндік бар — камераға түскен адамдарды бет-әлпетінің көрінісіне қарай іріктеуге болады. Әрбір кадрдағы адамның қасында оның жасы, жынысы және айрықша белгілері көрсетілген ақпараттық терезе шығады. Ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, Findface деп аталатын бұл жүйені Иран 2019 жылы ресейлік NtechLab компаниясынан алған болуы мүмкін. Spiegel дерегінше, келісімшарт сол жылы жасалған. Бұл технология 2018 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде Ресейде де қолданылған. NtechLab компаниясы бақылау арқылы адам құқықтарын бұзуға қатысы бар деген айыппен Еуроодақ санкцияларына іліккен.

Жобаға жақын дереккөздің айтуынша, бағдарламаның өзге де мүмкіндіктері бар. Мысалы, ол әлеуметтік желілерден деректерді іріктеп жинап, адамдар арасындағы байланыстарды сызба түрінде көрсете алады, осылайша тұтас желілерді анықтауға мүмкіндік береді.

«Олар бәрін сараптайды: мәтіндік хабарламалар, телефон қоңыраулары, электронды хаттар. Қарым-қатынастың кез келген түрі тіркеледі», — дейді дереккөз.

Иран билігі жаппай бақылау жүйесін тұрақты түрде кеңейтіп келеді. Соңғы наразылықтардан кейін билік қатысушыларға жеке-жеке қорқыту мазмұнындағы SMS-хабарламалар да жіберген. Spiegel мәліметінше, Findface бағдарламасына елдің барлық әскери және барлау құрылымдары қол жеткізе алады. Сарапшылардың пікірінше, соғыс жағдайы мен тұрақсыздық кезеңінде бұл бағдарламаны қолдану ауқымы одан әрі ұлғаюы ықтимал.

Бөлісу:
Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар