Испанияда палестиналықтарды қолдауға бағытталған акциялар салдарынан La Vuelta велокөпкүндігінің финалы өтпей қалды
Ұйымдастырушылар дәстүрлі жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де өтпейтінін мәлімдеді
Мадрид көшелеріне мыңдаған адам палестин жалауларымен шығып, Израильдің Israel-Premier Tech командасының қатысуына қарсылық білдірді. Наразылар Газа секторындағы әскери қақтығыстарға байланысты осындай ұстаным танытқан, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.
Велошабандоздар жүруі тиіс Gran Via даңғылында демонстранттар қоршауды бұзып, жолды жапты. Кейбірі Израильге бойкот жариялау туралы ұрандатса, басқалары түрлі түсті түтін шығарды. Мадридтің орталық теміржол вокзалы маңында полиция мен ереуілшілер қақтығысып, көзден жас ағызатын газ қолданылды.
Жарыс мәреге 56 шақырым қалғанда тоқтатылды. Осы сәтте екі дүркін «Тур де Франс» жеңімпазы Йонас Вингегаард жалпы есепте Жоао Алмейдудан 1 минут 16 секундқа алда келе жатқан еді. Ұйымдастырушылар дәстүрлі жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де өтпейтінін хабарлады.
Гонка тоқтатылмай тұрып, Испания премьер-министрі, социалист Педро Санчес Малагадағы жиында сөз сөйлеп, шерушілерді қолдайтынын мәлімдеді:
«Біз спортшыларды құрметтейміз, бірақ әділет жолында біріккен испан халқының әрекеті – біздің мақтанышымыз. Палестина үшін күрес – әділетті іс», – деді ол.
Ал оппозициялық Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо керісінше, Санчестің сөзін айыптады:
«Министрлер мұны қолдаудың орнына, керісінше, мұндай әрекеттерді айыптап, тоқтатуға тиіс еді», – деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Испания 2024 жылдың мамырында Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындаған болатын.