Әлемде

Мексика АҚШ-қа белгілі наркобарондар мен картель жетекшілерін экстрадициялады

Елдің бас прокуратурасы мен қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, олардың ішінде Мексиканың ең ірі екі қылмыстық тобы – Жаңа буын Халиско картелі мен Синалоа картеліне қатысты істердің фигуранттары бар.

Мексика билігі АҚШ-қа есірткі картельдеріне қатысы бар деген күдікпен 26 адамды экстрадициялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ресми тізім жарияланбағанымен, дипломатиялық дереккөздер мен БАҚ мәліметіне қарағанда, берілгендер арасында қылмыс әлемінде аты белгілі адамдар бар:

Абигайель Гонсалес Валенсия (лақап аты Эль Куини) – Жаңа буын Халиско картелімен байланысы бар Los Cuinis тобының басшыларының бірі;

Сервандо Гомес Мартинес (Ла Тута) – бұрынғы Рыцари тамплиеры картелінің жетекшісі;

Хуан Карлос Феликс Гастелум (Эль Чаво Феликс) – Синалоа картелінің жетекшілерінің бірі Исмаэль Эль Майо Самбаданың күйеу баласы.

АҚШ билігі олардың ешқайсысына өлім жазасын қолданбайтынын мәлімдеді. Ал ақпанда Америкаға тағы 29 күдікті картель басшысы экстрадицияланған болатын.

Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың Мексикадан есірткі топтарына қарсы белсендірек әрекет етуді талап етуінен кейін жасалды. Өткен аптада ол Пентагонға АҚШ-тың халықаралық террористік ұйымдар тізіміне енгендерге қарсы күш қолдану жоспарын әзірлеуді тапсырды және Мексика тауарларына тарифтерді фентанилмен күреске байланыстырды.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум АҚШ-пен жаңа қауіпсіздік келісімі бойынша келіссөздер соңғы кезеңде тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бұл құжат картельдерге қарсы іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік береді, бірақ АҚШ әскері Мексика аумағында оның үкіметінің рұқсатынсыз операция жүргізе алмайды.