Әлемде

Синьхуа: Пекинде жылдық нормадан асқан жауын 30 адамның өмірін қиды

Синьхуа агенттігінің мәліметінше, Пекиндегі тосын жауын салдарынан кемінде 30 адам қаза тапты, ондаған мың адам эвакуацияланды.

Соңғы күндері Бейжіңде бір жылдық жауын-шашын мөлшеріне тең қарқынмен жаңбыр жауған. Күшті жауын тасқынға ұласып, кемінде 30 адамның өмірін қиған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ең көп зардап шеккен аймақ – қаланың солтүстігіндегі таулы Миюнь ауданы. Мұнда 28 адамның мәйіті табылған. Тағы екі адам Яньцин округінде қаза болды. Ал Хэбэй провинциясында көшкін салдарынан сегіз тұрғын көз жұмып, төртеуі із-түзсіз жоғалған. 80 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Жауын көлік қатынасын да қиындатты – жүздеген әуе рейстері мен пойыздар тоқтатылды. Тяньцзинь қаласында су тасқыны бірқатар ауылдарды шайып кетті – кейбір бірқабатты үйлердің тек шатырлары ғана көрініп тұр.

Метеорологтердің мәліметінше, 23 шілдеден бері өңірде 573 мм жауын жауған – бұл бір жылда түсетін мөлшерге жуық. 26 шілде күні Хуайчжоу сияқты таулы аймақтарда бір сағат ішінде 95 мм-ге жуық жауын түскен. Бір миллиметр жауын – бұл әрбір шаршы метрге бір литр су деген сөз.

Ғалымдар апат ауқымын сирек кездесетін ауа райы құбылыстары мен жаһандық жылынумен байланыстырады. Пекиннің солтүстік пен батысындағы таулар ылғалды ауаны тоқтатып, жауынның күшеюіне себеп болған. Климаттанушы Сюэбин Чжанның айтуынша, кей аудандарда бірнеше күн ішінде жылдық норманың 90%-ына жуығы жауған. Мұндай көлемді қала инфрақұрылымы көтере алмайды.

Бұл өңірде су тасқыны бірінші рет болып отырған жоқ: 2023 жылдың жазында да Пекинде нөсер салдарынан 33 адам қаза тапқан. Ал көршілес Синтай қаласында екі күнде 1000 мм-ден астам жауын жауған – бұл бір жылдық мөлшерден екі есе көп. Қытайдың төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды «күрделі әрі ауыр» деп сипаттады.