Трамп пен Си Пусанда кездесті: тараптар не туралы уағдаласты
Пусан кездесуінде Украинадағы соғыс мәселесі де талқыланды
2025 жылдың 30 қазанында Кореяның Пусан қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет бетпе-бет кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тараптар сауда, энергетика және геосаяси бағыттардағы өзара қатынастарды реттеуге бағытталған бірнеше уағдаластыққа келді.
Келіссөз нәтижесінде Вашингтон Қытай импортына салынған тарифтерді 57 пайыздан 47 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Ал Пекин сирек кездесетін элементтердің экспортына қатысты жаңа шектеулерді енгізуді бір жылға кейінге шегереді. Сонымен бірге екі мемлекет фентанил прекурсорларының өндірісі мен заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге бірлесе атсалыспақ.
Сауда мен технология салаларындағы бірқатар қарсы шаралар да уақытша тоқтатылады. Келіссөз барысында екі ел басшыларының өзара сапарлары да жоспарланды: Трамп Қытайға, ал Си Цзиньпин АҚШ-қа ресми сапармен бармақ.
Пусан кездесуінде Украинадағы соғыс мәселесі де талқыланды. Дональд Трамптың айтуынша, Си Цзиньпин Қытайдың Ресей мен Украинаның арасындағы соғысты тоқтату үшін АҚШ-пен бірлесіп әрекет етуге дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Вашингтон Мәскеуге қарсы энергетикалық санкцияларды күшейту арқылы қысымды арттырмақ.
Сарапшылардың пайымынша, Пусандағы бұл диалог екі державаның арасындағы ұзаққа созылған текетіресті жұмсартуға бағытталған дипломатиялық қадам саналады. Алайда оны толыққанды стратегиялық серіктестік деп атауға әлі ерте.