Вьетнамдағы "Каджики" тайфуны: үш адам қаза тауып, Ханойды су басты
Бұл туралы Vietnam+ мемлекеттік ақпарат агенттігі мәлімдеді
Вьетнамда "Каджики" тайфунынан кемінде үш адам қаза тауып, он адам жарақат алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Стихия жеті мыңға жуық үйді зақымдап, 29 мың гектар күріш алқабын суға батырып, 18 мың ағашты құлатты.
Вьетнам үкіметінің мәліметінше, 331 электр бағанасы қирап, бірнеше провинция жарықсыз қалды. Олардың арасында Тханьхоа, Нгеан, Хатинь, Тхайнгуен және Футхо бар. Суреттерде Ханой көшелерінің түнгі нөсерден кейін су астында қалғаны көрсетілген.
Дауыл 25 тамыз күні Вьетнамның солтүстік жағалауына соғып, 26 тамыз таңертең әлсіреп Лаосқа ойысты. Синоптиктер солтүстік аймақтарда жаңа су тасқыны мен көшкін қаупі барын ескертті: алты сағат ішінде 150 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін.
Оған дейін "Каджики" Қытайдың Хайнань аралының оңтүстігіне жетіп, Санья қаласында қоғамдық көлік пен кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға себеп болды.