Білім

«Күміс университет»: Ақтөбеде 50 жастан асқан азаматтарға арналған оқу маусымы басталды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Күміс университет» жобасының кезекті оқу маусымы басталды. Жоба 50 жастан асқан азаматтарға арналған және өмір бойы білім алу қағидатын жүзеге асыруға бағытталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

2026 жылы жобаға 50 жастан асқан 120 тыңдаушы тіркелді. Қатысушылардың орташа жасы – 66 жас. Ал ең егде тыңдаушы 79 жаста. Бұл көрсеткіштер «Күміс университет» жобасының қоғам тарапынан жоғары сұранысқа ие екенін және егде жастағы азаматтардың білім алуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, «Күміс университет» жобасы 2021 жылы «Өмір бойы оқу» тұжырымдамасы аясында іске қосылған. Жобаның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне заманауи білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру, олардың жеке дамуын қолдау және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.

2026 жылғы оқу маусымында тыңдаушылар үшін қазақ тілі, ағылшын тілі, цифрлық, қаржылық және құқықтық сауаттылық, тоғызқұмалақ, тігін, ресурстық қолдау және үйлесімділік, шығыс биі секілді 9 бағыт бойынша курстар ұйымдастырылады.

Оқу процесі шамамен үш айға созылады. Бағдарлама аясында теориялық және практикалық сабақтар, шеберлік сыныптары, тренингтер мен интерактивті іс-шаралар өтеді. Сабақтарды Жұбанов университетінің тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы жүргізеді. Курс соңында тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

Жоба іске қосылған 2021 жылдан бері университет базасында 350-ден астам ересек азамат тіл, цифрлық сауаттылық, спорт және шығармашылық бағыттар бойынша білім алып, біліктіліктерін арттырған.