Білім

«Жалпыға бірдей білім беру қоры»: 25,3 млрд теңге ата-аналардың есепшотына аударылған

Қазақстандық оқушылар осылайша 100% оқу құралдарымен қамтылған

Жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы оқушылардың барлығы «Жалпыға бірдей білім беру қоры» аясында толық қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алуға 25,3 млрд теңге аударылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілген. Оның ішінде — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.

Биылғы жылы бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 46 228 теңгені құрайды. Сонымен қатар, мәслихаттардың шешімімен кейбір өңірлерде жоғарырақ көрсеткіштер белгіленген: Алматы қаласында — 55 000 теңге, Жамбыл облысында — 53 117 теңге, Павлодар облысында — 53 663 теңге.

2023 жылдан бері материалдық көмектің көлемі бір балаға 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін 2,5 есеге артты.