Алматыда шетелде ем алғаннан кейін ауыр асқынуларға ұшыраған пациенттің өмірі сақталып қалды
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Алматы онкологиялық орталығының онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев шетелде ем алғаннан кейін ауыр асқынуларға тап болған пациенттің өмірін сақтап қалу бойынша күрделі клиникалық жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Орталыққа 57 жастағы пациент жүгінген, қазан айында оның ұйқы безі денесінде ісік анықталған.
Туыстарының кеңесімен ол өз бетінше Үндістанға емделуге барып, қосымша зерттеп-қараудан өтіп, химиотерапия курсынан өткен және 31 желтоқсанда операция — ұйқы безінің денесі мен көкбауырды алып тастай отырып, корпорокаудальды резекция жасатқан.
10-күні пациент Қазақстанға оралды. Қайтып келгеннен кейін жағдайы нашарлап, бас айналу, қатты әлсіздік, операциядан кейінгі жара аймағында ауырсыну пайда болған. Елге оралған соң жүгінген жекеменшік клиникалардағы ем нәтиже бермеген.
Ауыр жағдайда ол Алматы онкологиялық орталығына емдеуге жатқызылып, зерттеп-қарау барысында операциядан кейінгі асқынулар — панкреонекроз және жайылған қан кетумен бірге панкреатикалық фистула қалыптасқаны анықталған.
Шұғыл түрде пациентке операция жасалып, оның барысында тоқ ішектің бір бөлігі резекцияланып, қан кету тоқтатылды.
Нұрлан Балтаевтың айтуынша, мұндай жағдайлар көп кездеседі. Соңғы бір айдың өзінде орталыққа шетелде ем алғаннан кейін асқынулармен бірнеше пациент түскен.
Мамандар пациенттерді емдеу орнын таңдауға жауапкершілікпен қарауға және Қазақстанда қолжетімді дәлелді медицинаға сүйенуге шақырады.