Ғайни Аймағанбетова: Медициналық қызметтерге жасанды интеллект арқылы бақылау күшейтіледі
Жамбыл облысында медициналық қызмет сапасын арттыру үшін жасанды интеллект негізінде мониторинг жүйесі енгізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа бақылау жүйесін жасанды интеллект негізінде құруды тапсырды.
Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова Жолдауда Қорға жүктелген міндеттер туралы айтып берді.
Ғайни Төленқызының айтуынша, бұл бағытта алғашқы нақты қадамдар жасалып та үлгерген. Жамбыл облысында медициналық қызметтерге ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде «Мониторинг» модулі енгізіліп, 2025 жылдың 19 мамырынан бастап пилоттық режимде іске қосылған. Ал 1 шілдеден бастап жүйе толық жұмыс істей бастады.
Қазіргі таңда Қор филиалы облыстағы 109 медициналық ұйыммен шарт жасасқан. Бірыңғай төлем жүйесінің алғашқы кезеңі аясында 20-дан астам автоматтандырылған мониториг алгоритмі енгізілді. Бұл жүйе арқылы медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтері заңнама мен стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан автоматты түрде тексеріледі. Кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, жүйе бірден белгі беріп, жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді.