Онкогинекологиядағы озық әдістер: Таразда шеберлік сыныбы өтті
Жамбыл облысында онкогинекологияның заманауи әдістеріне арналған ауқымды шеберлік сыныбы өтті
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында 19–21 қараша аралығында онкогинекология саласындағы заманауи хирургиялық тәсілдерге арналған көлемді шеберлік сыныбы өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Үш күнге созылған бұл шара өңірдегі онкологиялық көмек сапасын арттыруға бағытталған маңызды кәсіби алаңға айналды.
Шеберлік сыныбын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми онкология орталығы Әйелдер денсаулығы орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Аида Фазылқызы Шакирова жүргізді. Республикалық деңгейдегі тәжірибелі маман жергілікті онкогинекологтар мен хирургтерге озық әдістерді іс жүзінде көрсету арқылы біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік берді.
Алғашқы күні үш күрделі операция орындалды
Шараның бірінші күнінде мамандар қатысуымен бірден үш күрделі көрсетілімдік операция жасалды:
Эндометрий қатерлі ісігіне – лапароскопиялық радикалды гистерэктомия және екіжақты сальпингоофорэктомия;
Жатырдың түзіліміне – лапаротомия арқылы пангистерэктомия;
Аналық без түзіліміне – лапароскопиялық пангистерэктомия.
Бұл операциялар өңір дәрігерлеріне заманауи минималды инвазивті және радикалды хирургиялық тәсілдердің тәжірибелік қырларын меңгеруге мүмкіндік берді.
Келесі күндері жоғары технологиялы араласулар жүргізілді
Шеберлік сыныбы аясында алдағы күндері де бірнеше күрделі операция жасалды. Атап айтқанда:
аналық без қатерлі ісігінде циторедуктивті операция;
аналық без қатерлі ісігінде хирургиялық стадиялау;
жатыр мойны қатерлі ісігінде III типті радикалды гистерэктомия, екіжақты аднексэктомия (БСО) және жамбас лимфодиссекциясы;
вульва қатерлі ісігінде ICG-лимфографиясымен радикалды вульвэктомия;
сонымен қатар тағы бірнеше күрделі онкогинекологиялық араласулар орындалды.
ICG-лимфография сияқты заманауи технологиялар өңірдегі хирургтардың диагностикалық және операциялық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті.
Өңір медицинасын дамытуға серпін берген шара
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлік сыныбы Жамбыл облысының онкогинекология саласындағы мамандарына жаңа тәжірибе алмасуға, біліктіліктерін арттыруға және күрделі клиникалық жағдайларда заманауи тәсілдерді енгізуге үлкен мүмкіндік берді.
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология орталығы алдағы уақытта да осындай оқыту шараларын өткізуді жалғастырмақ. Өйткені онкологиялық ауруларды ерте анықтау, жоғары технологиялы хирургиялық әдістерді қолдану — өңір халқының денсаулығын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі.