Денсаулық

"Жарна төлеп те, тегін тексеруден қағылуы мүмкін" — Министрлік МӘМС жүйесінде мәселе күрделі екенін мойындады

Егер пациент айдың соңында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жоспарлы тексеруден өте алмаса, бұл қаржыландыру лимитінің таусылуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Республикалық бастапқы медициналық-санитариялық көмек орталығының директоры Айгүл Қасымова мәлімдеді.

Журналистер: "Қазақстандықтар ай соңында  қаржыландыру лимиті біткені үшін тегін тексеруден өте алмайтын болса не үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуі керек?" - деген сауал қойды.

— Өкінішке қарай, сұрағыңыздың жаны бар. Медициналық ұйымдар алдын ала бекітілген жоспар бойынша қаржыландырылады. Егер сол лимиттен асып кетсе, тіпті қызмет көрсетілгеннің өзінде ол өтелмеуі мүмкін, — деп жауап берді Қасымова.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін емханалар алдын ала жоспарланған қабылдаулар арқылы жұмыс істеуге тырысады, бұл профилактикалық тексерулер кестесінің бұзылмауына септігін тигізеді. Дегенмен, маманның сөзінше, шұғыл жағдайларда ешқандай шектеу есепке алынбайды және медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі.