сәрсенбі, 29 сәуір, 2026 17:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда вируссыз тұқымдық картоп өндіру орталығы құрылады

Қазақстанда вируссыз тұқымдық картоп өндіру орталығы құрылады
АШМ
Бұл туралы АШМ мәлім етті

Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен вируссыз тұқымдық картоп өндіру орталығы құрылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытайдың Inner Mongolia Muland Agricultural Technology Co., Ltd компаниясының бас директоры Вэй Цзинлунмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда вируссыз тұқымдық картоп өндіретін жоғары технологиялық орталық құру жобасын іске қосу мәселесі талқыланды.

Министр картоп өсіру агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңызды бағыты болып қала беретінін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл дақыл егілген алқап көлемі 131 мың гектарды құрады. Орташа өнімділік гектарына 220 центнер болып, жалпы өнім көлемі 2,8 млн тоннаға жетті.

«Технологиялық тұрғыдан дамыған ұлттық тұқым шаруашылығы жүйесін қалыптастыру — саланың басты басымдығы. Бұл тек жаңғырту ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігінің берік негізін қалыптастыру. Биотехнологияларды дамыту және вируссыз отырғызу материалын кең көлемде өндіру импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, өнімділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді әрі отандық селекцияның бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтереді», — деді Айдарбек Сапаров.

Қазіргі таңда түпнұсқа және элиталық тұқым өндірумен 22 мамандандырылған шаруашылық айналысады. Бұл жүйеде биотехнологиялық зертханалар шешуші рөл атқарады. Аталған бағыттағы жетекші ғылыми ұйым — ҚР АШМ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Мұнда картопты жедел вируссыз көбейту және өнеркәсіптік өсіру технологиялары енгізілген.

Inner Mongolia Muland Agricultural Technology Co., Ltd компаниясының өкілдері озық технологияларды енгізе отырып, заманауи зертханалық-жылыжай кешенін құруға қызығушылық танытты. Жоба аясында микро және аса ұсақ түйнектер өндіру қарастырылған. Компанияның өз ғылыми-өндірістік инфрақұрылымы бар әрі осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол. Сондай-ақ олар өз технологиялық шешімдерімен бөлісуге дайын.

Жоба жоғары сапалы тұқымдық материалды өнеркәсіптік көлемде өндіруді және Орталық Азия нарықтарына бағытталған экспорттық әлеует қалыптастыруды көздейді.

Министр жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Вэй Цзинлун жобаны жақын арада тәжірибелік тұрғыда іске асыруға кірісетінін айтты.

Алғашқы тұқымдық материал партиясы бір жыл ішінде алынады деп күтілуде.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар