15 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар ақылы жолдарда төлем тәртібі өзгерді
- авторБақытжан Бекболат
- 15 қыркүйек, 2025
- 326
2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда жаңа төлем тәртібі енгізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
— Ақылы автожолда жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін және жөндеуді талап етіп тұрған жол учаскесі болса, дәл сол аралық үшін жөндеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін төлемақы алынбайды. Мысалы, егер ақылы жол учаскесінің жалпы ұзындығы 100 шақырымды құраса, оның 5 шақырымы жөндеуді талап етсе, онда жол бойындағы ақаулар жойылғанға дейін жүргізушілер тек 95 шақырым жол үшін ғана ақы төлейді, — делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 27 ақылы жол бар.
Ұлттық оператор жолдардың жағдайына тұрақты бақылау жүргізетінін атап өтті. Жүргізушілер тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне хабарласып, ақаулар туралы ескерте алады. Жаңа талап республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолдарға қатысты.






