"180 мың теңге жалақы": Депутат ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарға қолдау көрсетуді сұрады
- авторБақытжан Бекболат
- 3 қыркүйек, 2025
- 641
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалау және олардың жұмыс жағдайын жақсарту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, елімізде ерекше қажеттілігі бар балалармен күн сайын еңбек ететін мыңдаған маман бар. Олар балаларды оқытып, емдеп, түрлі жаттығулар өткізіп қана қоймай, кейде үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Депутат бұл саладағы жүктемеге сай еңбекақы төлеу мәселесі шешілмей отырғанын сынға алды.
«Ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым қазір», – деді ол.
Мысал ретінде ол Астанадағы «Жансая» орталығын келтірді. Мұнда 640 бала ем қабылдайды, алайда 160 қызметкердің орташа айлығы небәрі 180 мың теңге. Соның салдарынан кадр тапшылығы күрделене түсіп, 2024 жылы 53, ал биылғы жарты жылдың өзінде 28 маман жұмыстан кеткен.
Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады. Олардың қатарында:
әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізу;
қосымша демалыс күндерін беру;
әлеуметтік қызметкерлерді педагогтармен теңестіру;
жұмыс уақытын қысқарту;
жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатыстыру;
жалға берілетін тұрғын үй тізіміне енгізу бар.
Депутаттың айтуынша, бұл шаралар әлеуметтік сала мамандарының мәртебесін көтеріп қана қоймай, кадр тапшылығын азайтуға да сеп болады.






