Елімізде

600 сарбаз небәрі 5 айда бірнеше мамандықтың иесі атанды

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.

Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында 600 әскери қызметшіге экономиканың нақты секторында талап етілетін әскери-есептік мамандықтар алғаны жөнінде сертификаттарды тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оқу орнында Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Орал, Қостанай және Өскемен қалаларынан әскерге алынғандар жас жауынгер курсынан өтіп, әскери ант берді.

Бес айдың ішінде сарбаздар Т-72 танкінің механик-жүргізушісі, жаяу әскердің жауынгерлік машинасы, КамАЗ-43114, «Орал-4320» жүргізушісі және аспаз мамандықтарын игерді.

Жүргізуші курсын оқыған сарбаздар С және С1 санатындағы жүргізуші куәлігін алды. Олар әскери көлік техникасын басқарады, жеке құрам мен жүктерді тасымалдау жөніндегі міндеттерді орындайды, ал мерзімді әскери қызметін аяқтағаннан кейін – көлік, логистика және жүк тасымалдау саласына жұмысқа кіре алады.

Оқу аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын растай отырып, біліктілік емтихандарын сәтті тапсырды.

Бір жыл ішінде Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығы Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне қызмет етуге 1200 кіші маман даярлап шығаратынын айта кеткен жөн.