Елімізде

Ақмола облысында су тасқынында үйінен айырылған азаматтар тамызда баспаналы болады

Бұндай тапсырманы вице-премьер Қанат Бозымбаев берген

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен су тасқыны салдарын жою бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында Қанат Бозымбаев Ақмола облысының баспанасыз қалған барлық тұрғындарын тамыз айының ортасына дейін қоныстандыруды тапсырды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақмола облысында барлығы 1817 үй су астында қалды, оның 359-ы апатты деп танылса, қалған үйлер жөндеуге болатын баспаналар санатына жатады.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар ауданының Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарлануда.

Сонымен қатар Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынбақ.

Сондай-ақ жергілікті билік облыстың жол және инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуы керек. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен қаражат бөлінеді. Вице-премьердің тапсырмасы бойынша автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілде айында аяқталуы тиіс.