Елімізде

Алакөл жағалауы тексерілді: Ербол Мырзабосынов инфрақұрылымның жай-күйін бағалады

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған Үкімет делегациясы құрамында Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөл көлінің курортты өңіріне барды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жұмыс сапарының мақсаты – инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі мен демалыс жағдайын бағалау, сондай-ақ туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қадағалау. Көлдің екі жағалауына да тексеріс жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті.

Тексеру барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Атап айтқанда, кейбір жағажайларда санитариялық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, арнайы белгілер мен қоршаулар жоқ; су көліктеріне бақылау жеткіліксіз; құтқару мұнаралары мен ақпараттық құралдар тапшы. Қауіпсіздікке қойылатын негізгі талаптар сақталмай отыр.

Тексеру нәтижесі бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді:

Жағажай аумағындағы санитариялық жабдықтауды күшейту;

Қосымша қоқыс контейнерлерін сатып алу;

Қауіпсіз шомылу аймақтарын нақты белгілеп, арнайы белгілер желісін ұзарту;

Киім ауыстыратын орындар, душ кабиналары және басқа да абаттандыру элементтерін орнату мүмкіндігін қарастыру;

Белсенді демалыс аймақтарын ұйымдастырып, көлеңке тенттер орнату;

Құтқару мұнаралары мен суға қауіпсіз кіруге арналған баспалдақтар санын көбейту;

Жағажай аумағына ақпараттық стендтер мен сызбалы карталар орнату.

Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға нақты мерзім белгіленді. Министрлік бұл тапсырмалардың орындалуын қайта тексеруді жоспарлап отыр. Туристік демалыстың сапасы мен қауіпсіздігі – Үкімет пен Министрліктің ұдайы бақылауында.