Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін Үкімет резервінен 25 млрд теңге бөлу мақұлданды
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Премьер-министр өткен жылу беру маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз аяқталғанын атап өтті. Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны былтырмен салыстырғанда 15%-ға азайды.
17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, тарихи ең жоғары деңгейге қол жеткізілді. Бұл – өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары.
Бұл ретте Премьер-министр ведомстволар мен әкімдіктердің жөндеу жұмыстарының көлемі мен оларды қаржыландыруды қысқартуға жол бермеуі қажеттігіне назар аударды. Әрбір мұндай факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады. Осыған байланысты «KEGOC» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 25 мамырға дейін ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуді тапсырды.
Сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін өңірлерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетілетінін атап өтілді. Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет.
Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс.
Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды. Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды.
Олжас Бектенов бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және қол жеткізілген нәтижелерді бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты. Өңірлерде энергия нысандарының дайындық паспорттарын алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, оған өңір әкімдері тікелей жауапты болады.
Өңір әкімдіктеріне екі апта мерзімде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісу тапсырылды.
Энергетика министрлігіне Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен теміржол тұйықтарында отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.