Елімізде

Алматының апорты енді премиум брендке айналмақ

Қазақстанның символына айналған Алматы апорты енді халықаралық нарыққа қадам баспақ.

QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы мен Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жуырда Германияда өткен Grüne Woche 2026 халықаралық көрмесіне қатысқан қауымдастық өкілдері еуропалық серіктестер тарапынан зор қызығушылық байқалғанын айтады. Шетелдік нарық тек жаңа піскен алмамен ғана емес, одан дайындалған өңделген өнімдермен де белсенді түрде танысқан.

Қазіргі таңда қауымдастық құрамына сегіз шаруашылық кіреді. Олар жыл сайын шамамен 1 500–2 000 тонна аралығында өнім өндіреді. Дегенмен экспорт үлесі әзірге мардымсыз. Осы тұрғыда жаңа меморандум тұрақты әрі жүйелі экспорт арналарын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама саналады.

Қауымдастық президенті Роман Сафаровның айтуынша, берлиндегі көрмеге қатысуға QazTrade тарапынан шақырту алған. Оның сөзінше, апорттың бірегейлігі — табиғи ерекшелігінде. Бұл жаппай өндірілетін немесе ұзақ сақтауға бейімделген сұрып емес. Апорттың жемісі ірі, дәмі қанық әрі хош иісі айқын. Сонымен қатар алма бақтары теңіз деңгейінен 850 метрден жоғары таулы аймақта орналасқан. Дәл осы климат пен табиғи жағдай жеміс сапасына айрықша әсер етеді.

Берлиндегі көрме апорттың экспорттық әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Әсіресе қосылған құны жоғары өнімдерге — пастила, алма чипсы, шырын, сірке суы және кептірілген алмаға сұраныс артқан.

Бұл мәртебе өнімнің табиғи ерекшелігін қорғап қана қоймай, оны халықаралық нарықта премиум санаттағы бренд ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді. Алматының тау бөктеріндегі құнарлы топырақ, таза су мен қолайлы температура алма сапасының негізін қалайды.

Меморандум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade ұйымы апорт өндірушілеріне сыртқы нарыққа шығу жолында кешенді қолдау көрсетпек. Атап айтқанда, халықаралық көрмелерге қатысу, шетелдік серіктестермен келіссөз жүргізу және жаңа нарықтарға шығу бағытында сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.