Арман Шаққалиев азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын таныстырды
- авторБақытжан Бекболат
- 19 қазан, 2025
- 870
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында азық-түлік бағасын ұстап тұру және төмендету бағытындағы шаралармен таныстырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министр Өскемен қаласындағы «Алтай» көтерме-үлестіру орталығының аумағында өткен Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты. Жәрмеңкеде аудан фермерлері 2 тоннаға жуық өнім ұсынды:
300 келі сиыр еті, 300 келі жылқы еті, 500 келі бал, 20 келі құрт, 20 келі сүзбе, 50 келі панта өнімі, 100 келі көкөніс және басқа да тауарлар.
2025 жылдың басынан бері өңірде жалпы 1,4 млрд теңгенің 425 жәрмеңкесі өткізілген.
Мұндай жәрмеңкелер тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие, себебі мұнда өнім бағасы нарықтағыдан 10–15% төмен.
Арман Шаққалиев сондай-ақ «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысымен танысты. Өңірде ӘКК-мен бірлесіп жұмыс істейтін 27 сауда нүктесі бар (15 жеке павильон және 12 серіктес дүкен).
Маусымаралық кезеңге қосымша 9,9 мың тонна көкөніс өнімін жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды, оның ішінде:
6080 тонна картоп,
1398 тонна сәбіз,
973 тонна пияз,
1456 тонна қырыққабат.
Өнімді сату 1 қарашадан басталады. Бұл шаралар қыс мезгілінде көкөніс бағасының күрт өсуіне жол бермейді.
Сондай-ақ нарыққа 2790 теңге бағамен сиыр еті жеткізілуі үшін 200 млн теңге көлемінде несие бөлініп, 71,6 тонна ет сатып алу жоспарланған. Бұған қоса 159,4 тонна қосымша ет жеткізу жөнінде келісім жасалды.
«ӘКК жанындағы тұрақтандыру қорлары – бағаны тұрақтандырудың маңызды құралдарының бірі. Сондықтан жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты қор қалыптастыру аса маңызды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын одан әрі тұрақтандыру мақсатында біз отандық тауар өндірушілерден өнім сатып алуға арналған қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын арзандатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, негізгі азық-түлік түрлері бойынша отандық өндірушілермен және сауда желілерімен көтерме және бөлшек бағаларды белгілеу туралы меморандумдарға қол қойылады. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңіріне арзандатылған сиыр етін тікелей жеткізу ұйымдастырылады», – деп атап өтті министр.






