"Артығымен есептелген": Жол саласында ауқымды бұзушылықтар анықталды
- авторМағжан Орынбасар
- 16 наурыз, 2026
- 48
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жөніндегі жүйелі шаралар туралы есеп берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, ел өңірлерінде жүргізілген іс-шаралар барысында 11 млрд теңге көлемінде сметалық құнның негізсіз ұлғайтылуы анықталды.
Мұнымен қоса, әзірлеуге 23 млрд теңге тиімсіз жұмсалған 362 өзектілігін жоғалтқан жобалық-сметалық құжаттама, сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпеген құны 27 млрд теңгені құрайтын 324 нысан анықталды.
"70 компанияның 408 млрд теңгеге жуық сомаға келісім-шарттар алу мақсатында жұмыс тәжірибесіне қатысты жалған мәліметтер ұсыну фактілері тіркелді",- делінген ақпаратта.
Талдау нәтижесінде жоспарлау, құрылыс және техникалық қадағалау салаларындағы жүйелі олқылықтарды жоюға бағытталған 80-нен астам ұсыным әзірленді. Мәселен, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңға өзгерістер енгізіліп, автомобиль жолдары объектілерінде техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға теңестірілді.
Сонымен қатар, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ескертулері жойылмайынша жолдарды пайдалануға беруге тікелей тыйым енгізілді.
"Қабылданған шаралар 2026 жылға жоспарланған 360 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.






