Астанадағы кафе өрті сегіз пәтерді шарпыды: тұрғындар қонақүйлерге көшірілді
- авторБақытжан Бекболат
- 18 қыркүйек, 2025
- 304
Астанадағы KaRima кафесінде түнде тұтанған өрт тұрғын үйге де залалын тигізді. Қала әкімдігінің мәліметінше, тілсіз жаудан сегіз пәтер зардап шеккен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқиға 18 қыркүйекке қараған түні Достық көшесіндегі 12/1 мекенжайындағы сегіз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында болды. Алғашқы өрт сөндірушілер жеткенде, жалын ғимараттың қасбетін шарпи бастаған. Әкімдік, төтенше жағдайлар қызметі және полиция жедел штаб құрып, өрт таңғы 5 шамасында толық ауыздықталды.
ТЖМ өкілдерінің айтуынша, өртті сөндіру қиынға соққан. Себеп – жалынның тез өршуі, ғимараттың құрылыс ерекшелігі, жоғары өрт қауіптілігі мен қатты түтіндену.
Абырой болғанда, адам шығыны да, зардап шеккендер де жоқ. Әкімдіктің хабарлауынша, баспанасыз қалған тұрғындар уақытша қаладағы қонақүйлерге орналастырылды.
«Бір тәулік ішінде пәтерлерді жөндеу мен қасбетті қалпына келтіру жұмыстары басталады. Шығынды KaRima кафесінің иелері әкімдік қолдауымен өтейді», – деді қала әкімдігі.
Өрттің нақты себебі анықталуда.






