ҚазҰСШИУ мен Корвинус университеті су саласында мамандар даярлауға кірісті
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан мен Венгрия жоғары оқу орындары су ресурстарын басқару және су дипломатиясына басымдық берілген қос дипломды магистратура бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған су дипломатиясы саласындағы білікті мамандарды даярлау тапсырмасын жүзеге асыру аясында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті венгриялық Корвинус университетімен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Осы ынтымақтастық нәтижесінде «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясына басымдық» берілген қос дипломды магистратура бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды.
Бұдан бөлек, биыл тамыз айында Еуропалық комиссия Erasmus Mundus Design Measure бағдарламасы аясында 60 000 еуро көлемінде грант бөлді. Бұл грант су ресурстары мен су дипломатиясы бойынша интеграцияланған бірлескен магистратура бағдарламасын әзірлеу үшін Еуропаның үш және Орталық Азияның төрт университетінен құралған консорциумға, оның ішінде ҚазҰСШИУ-ге берілді.
Қазан айының соңында Будапешт қаласында консорциум сарапшыларының алғашқы отырысы өтеді. Алдағы 15 ай ішінде олар толық әзірленген бағдарламаны Еуропалық комиссияның қарауына ұсынуы тиіс. Егер бағдарлама мақұлданса, жалпы бюджеті 5 млн еуроны құрайтын, ал ұзақтығы алты жылға созылатын магистратура бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру басталады.
Сарапшылардың алғашқы отырысында сондай-ақ су ресурстарын басқару және су дипломатиясы жөніндегі Бірлескен орталық құру ұсынылады. Бұл орталықтың бас кеңсесі Тараз қаласындағы ҚазҰСШИУ-де орналасады.
Сондай-ақ ҚазҰСШИУ базасында ғылыми мектептерді құру және дамыту мақұлданды. Атап айтқанда, су ресурстары инженериясы мектебі, сумен жабдықтау және санитария мектебі, ауыл шаруашылығы суы және ирригация жүйелерін басқару мектебі, гидрология, экология және қоршаған орта мектебі, сәулет және логистика мектебі, энергетика мектебі, мемлекеттік басқару саясаты және менеджмент мектебі, қашықтан зондтау және жасанды интеллект мектебі.