Елімізде

Қазақ ғалымдары құбырсыз су тарту технологиясын сынақтан өткізуде

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ) ғалымдары құбырсыз су тарту технологиясының далалық сынақтарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның негізгі мақсаты – тік дренаж ұңғымаларын орнату мен пайдалану кезінде шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу.

Бұл технология ұңғымаларды жабдықтауға жұмсалатын қаражатты едәуір азайтуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Мұның себебі – су көтеруге арналған құбырлар қолданылмайды, сондықтан оларды сатып алу, тасымалдау және орнатуға кететін шығындар қажет болмайды. Бұдан бөлек, сорғыны ауыстыру немесе жөндеу кезінде орнату мен бөлшектеу жұмыстары жеңілдеп, олардың бағасы да төмендейді. Ал су қысымының жоғалуы төмендегендіктен, электр энергиясын тұтыну да қысқарады.

Құбырсыз су көтеруге арналған жабдық сынақтары «Қазсушардың» Түркістан филиалына қарасты диаметрі 426 мм болатын ұңғымада жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ҚазСШҒЗИ сарапшылары филиал мамандарына арналған оқыту семинарын өткізіп, қажетті құрылғыларды пайдалану, монтаждау және бөлшектеу тәртібін түсіндірді.

Бүгінде диаметрі 219, 273, 324, 377 және 426 мм болатын ұңғымаларға арналған технологиялық жабдықтарға қатысты техникалық құжат әзірленіп, әртүрлі өлшемдегі ұңғымаларға арналған жабдық үлгілері әзірленді.

Егер сынақ нәтижесінде тәжірибелік үлгінің экономикалық тиімділігі расталса, ұсынылып отырған құбырсыз су көтеру технологиясы ауыл шаруашылығында, елді мекендерді сумен жабдықтауда және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарында кеңінен қолданылуы мүмкін.