«Қазақфильмнің» жері сатылмайды: Министр Балаева қауесетке нүкте қойды
- авторБақытжан Бекболат
- 22 шілде, 2025
- 651
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева күні кеше жарық көрген Aiqyn газетіне берген сұхбатында «Қазақфильм» жайлы ел ішіндегі алып-қашпа әңгімелерге, түрлі қауесет пен сыни пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Қазақфильм» киностудиясының басым бағыттарының бірі – киностудияны дамытуға жеке инвестиция тарту. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қолдауымен ішінара жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Kinopark & Kinoplexx кинотеатрлар желісінің қаржысы есебінен «Қазақфильм» аумағында жазғы кинотеатр салу және ғимараттың 1000 шаршы метрін жөндеу жоспарланып отыр.Кейбір азаматтар айтып жүргендей, ешкім «Қазақфильмнің» жерін сатып жібермек емес. Біз отандық фильмдердің әр жетістігіне шын қуанып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде насихаттап келеміз», – деді Аида Ғалымқызы өз сөзінде.
Сондай-ақ, республикалық басылымның бас редакторы, әріптесіміз Амангелді Құрметпен болған сұбелі сұхбат барысында ведомство басшысы «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына, тұрақты өркендеуіне тікелей мүдделі екенін де атап өткен.
«Бұл – жай уәде емес, нақты қадамдармен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді стратегиялық жұмыс. Осы жолда бар күш-жігерімізді салып, ештеңеден тайынбай, аянбай еңбек ете береміз. Сондықтан нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, біз заңға өзгеріс енгіздік. Заңнамалық деңгейде мемлекеттік киноқаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді. Бұл киностудияның жұмысын тұрақты әрі қаржылық тұрғыдан орнықты етуге мүмкіндік береді. Аталған норманы іске асыру мақсатында биыл «Қазақфильмге» үш коммерциялық кино жобаны түсіруге 336 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуде. Қазір киностудия келіссөздер жүргізе бастады. Бұл жерде ескерер дүние, мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен, лайықты деп танылған туындыларға ғана бөлінеді. , – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Мұнымен қоса, ендігіде кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасы мен қаржысының белгілі бір пайызын, мысалы, 50 пайызын алып келсе, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, бірлесіп жұмыс істейді. Бұл ретте мемлекет қаржысының қайтарымы болуы үшін прокаттағы табысқа екі тарап та мүдделі болады.






