Елімізде

Қазақстан халқы сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі

Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елімізде сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 835 млрд теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам инфрақұрылымдық жоба іске асырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның ішінде 314 млрд теңге қала халқын, 521 млрд теңге ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су желісімен жабдықталған. Ал 699 ауылға кешенді блок-модульдер орнатылған.

Сонымен қатар 9,5 мың километрден астам желі қайта жаңартылған. Оның 1,8 мың километрі қалаға, 7,7 мың километрі ауылдық жерге тиесілі.

Сонымен қатар магистральдық су құбырларын және су тазарту нысандарын салу мен жаңғырту арқылы сумен қамтамасыз ету сапасын арттыруға ерекше назар аударылды.

Осы шараларды іске асыру санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етуде.