Қазақстан мұнай өңдеу көлемін 39 млн тоннаға жеткізеді
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:25
- 43
Қазақстан мен ҚХР Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасын әзірлеуге кірісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Энергетика министрлігінің делегациясы Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың бастауымен Циндао қаласында (ҚХР) Шымкент МӨЗ («ПКОП» ЖШС) өндірістік қуаттылығын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған стратегиялық кеңеске қатысты.
Кездесу барысында тараптар жобаны іске асырудың негізгі параметрлерін бекітті: «ПКОП» ЖШС бастапқы деректер пакетін ұсынды, ал Шығыс Қытай жобалау институты бекітілген техникалық тапсырмаға сәйкес жұмыстарды бастауға дайын екендігін растады.
Келіссөздердің басты нәтижесі — зауытты кеңейтудің «6+6» сызбасы бойынша (әрқайсысы 6 млн тоннадан болатын екі технологиялық желі) конфигурациясын бекіту болды. Бұл жаңа қуаттарды кәсіпорынның жұмыс істеп тұрған нысандарымен толық интеграциялауды қамтамасыз етеді. Жобалау жұмыстарына бұған дейін келісілген техникалық тапсырма мен ТЭН алдындағы есеп негіз болып алынды.
Жиынға қатысушылар жұмыс кестесін сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, ТЭН-нің негізгі бөлігін Негіздемелік келісімде көзделген мерзімде аяқтау қажеттігіне назар аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша жобаның белсенді техникалық пысықтау кезеңіне өткенін айқындайтын тиісті хаттамаларға қол қойылды.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы үш МӨЗ-ді кеңейту шеңберінде мұнай өңдеу көлемін жылына 18-ден 39 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, қуаттылығы жылына 10 миллион тоннаға дейінгі жаңа мұнай өңдеу зауытын салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.





