Қазақстанда 150 балаға арналған тәулік бойғы реабилитация маусымы басталды
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді
Биылғы жаздың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ден астам бала интенсивті есту-сөйлеу реабилитациясынан өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тәулік бойы бақылауды қамтитын бұл формат әсіресе күндізгі бөлімшелері жоқ, шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Есту қабілетін дамытуға, ауызша сөйлеуді қалыптастыруға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған реабилитациялық шаралар сәуір мен тамыз аралығында бес кезең бойынша өтеді. Әр маусым 15 күнге созылады және балалармен қарқынды жұмыс жүргізуе отырып, ата-аналарды әдістемелік тұрғыда оқытуды да қамтиды.
Биылғы алғашқы көшпелі маусым Алматы қаласындағы "Алтын-Қарғалы" шипажайы базасында сәтті аяқталды. Оған еліміздің 12 өңірінен (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстары) келген 28 бала қатысты. Қатысушылар қатарында ерте жастағы (8), мектепке дейінгі (17) және мектеп жасындағы (3) балалар бар. Оларға сурдопедагогтар, логопедтер мен психологтар тарапынан кешенді көмек көрсетілді.
Бағдарламада "Ата-аналар мектебіне" ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда мамандар үй жағдайында реабилитация жүргізудің тиімді әдістерін үйретеді. Мұндай тәсілдің жоғары тиімділігін қатысушылардың өздері де атап өтуде.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі реабилитациялық курстарға жолдама беру өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары арқылы жүзеге асырылатынын еске салады. Бағдарлама кохлеарлық имплантация жасалғаннан кейінгі бес жыл ішінде балалар үшін қолжетімді. Сонымен қатар жыл бойы үздіксіз қолдау көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми орталықтың филиалдарында күндізгі бақылау форматында есту-сөйлеу реабилитациясы ұйымдастырылған.