Елімізде

Қазақстанда 270 мыңнан астам азамат атаулы әлеуметтік көмек алуда

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2025 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 50,3 мың отбасындағы 270,7 мың азаматқа тағайындалды. Оларға жалпы көлемі 21,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

АӘК-тің басты мақсаты – қаржылай төлемдер арқылы қиын жағдайға түскен отбасыларды қолдау және олардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту.

Бағдарламаның негізгі бағыттары:

табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек көрсету;

табысы аз отбасылардағы 1–6 жас аралығындағы балаларға ай сайын 1,5 АЕК көлемінде қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 83,6 мың мектепке дейінгі балаға 2,8 млрд теңге көлемінде төлем тағайындалды;

жұмысқа орналастыру, кәсібін ашқысы келетіндерге грант беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу және басқа да шаралар арқылы жұмыспен қамтуға қолдау көрсету.

АӘК алу үшін өтінішті тұрғылықты жердегі мансап орталығына, ауылдық округ әкімдігіне немесе электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы беруге болады.