Қазақстанда 600 мың тоннаға жуық өсімдік майы өндірілді
- авторБақытжан Бекболат
- 26 қыркүйек, 2025
- 358
Қазақстанда өсімдік майын өндіру тұрақты өсу қарқынын сақтап келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 594,9 мың тонна өсімдік майы өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға артық (468,5 мың тонна).
Соның ішінде күнбағыс майы өндірісі 27,2%-ға өсіп, 411,9 мың тоннаны құраса, 2025 жылы 523,9 мың тоннаға жетті.
Майлы дақылдардың егіс көлемі 2024 жылы 2,9 млн гектар болса, 2025 жылы 4 млн гектарға ұлғайды. Оның 1,7 млн гектары күнбағысқа тиесілі. Егіс көлемі бойынша ең ірі аймақтар: Солтүстік Қазақстан – 23,3%, Қостанай – 23%, Павлодар – 12,5%, Абай – 10,2%, Ақмола – 9,2%, Шығыс Қазақстан – 7,7%.
2024 жылы майлы дақыл бастырылған көлем 3,3 млн тоннаны құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 53%-ға өсті. Қазіргі таңда Қазақстанда шикізатты қайта өңдейтін 88 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жылдық қуаттылығы 4,7 млн тоннаға жетеді.
2024 жылы 757,1 мың тонна өсімдік майы өндіріліп, оның 640,3 мың тоннасы күнбағыс майына тиесілі болды. Өсімдік майларының экспорты 2023 жылмен салыстырғанда 29%-ға өскен. Негізгі экспорттық бағыттар: Қытай – 42,4%, Өзбекстан – 35,4%, Тәжікстан – 12,7%, Ауғанстан – 3,2%, Қырғызстан – 1,4%, Латвия және Түрікменстан – 1,8%.
"Саланы дамыту және өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі АӨК дамыту тұжырымдамасы аясында майлы дақылдар егісін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз шартына қол қойған кәсіпорындарға жеңілдетілген несиелер берілуде.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (411-бап) сәйкес, қайта өңдеушілерге қосымша құн салығын 70%-ға төмендету түрінде жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен қайта өңделген өнімдерді экспорттау үшін санитариялық және фитосанитариялық хаттамаларға қол қойылды", — делінген хабарламада.






