Қазақстанда медицина кадрлары тапшылығы азайып, шетелге кететін мамандар саны күрт қысқарды
- авторБақытжан Бекболат
- 14 сәуір, 2026
- 18
Соңғы екі жылдың ішінде Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл шаралар дәрігерлер тапшылығын 20,4%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығын 13%-ға төмендетуге, кадрлармен қамтамасыз ету деңгейін ЭЫДҰ елдері деңгейіне жеткізуге, сондай-ақ соңғы 5 жылдың ішінде медицина қызметкерлерінің сыртқы көші-қонын шамамен 5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, соңғы екі жылдың ішінде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға, қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты дене жарақатын келтіру мен қатыгездік көрсету үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар заңдар қабылданды, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша шаралар енгізілді.
Ауылдық жерлердегі аса тапшы мамандықтар бойынша (акушерлік және гинекология, педиатрия, анестезиология және реаниматология және т.б.) медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлемдер көзделген.
Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй беру, көтерме жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығыстарды өтеу және басқа да жеңілдіктер түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көзделген.
2023 жылмен салыстырғанда елдегі дәрігерлер тапшылығы 20,4%-ға азайып, 4863,75-тен 3869,5 штаттық бірлікке дейін төмендеді.
Ауылдық денсаулық сақтауға ерекше назар аударылды:
ауылдық жерлердегі дәрігерлер тапшылығы 26,7%-ға азайып, 1121,5-тен 821,25 штаттық бірлікке дейін төмендеді.
Орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы да тұрақты түрде — 13%-ға, яғни 4819,75-тен 4195 штаттық бірлікке дейін азайып келеді.
2025 жылы дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі халықтың 10 мыңына шаққанда 41-ді (2023 жылы — 40,6), орта буын медицина қызметкерлерімен — 95,9-ды (2023 жылы — 95,2) құрады.
Бұл көрсеткіштер дамыған елдер деңгейімен салыстыруға келеді:
• Ұлыбритания — 10 мың тұрғынға 34 дәрігер және 91 орта буын медицина қызметкері;
• Эстония — 35 дәрігер және 66 ОМҚ;
• Испания — 44 дәрігер және 59 ОМҚ.
Медицина кадрларының сыртқы көші-қоны айтарлықтай қысқарғаны байқалады. Соңғы бес жылдың ішінде шетелге кететін мамандардың саны шамамен 5 есеге азайды:
• 2021 жыл — 904 адам
• 2022 жыл — 668
• 2023 жыл — 429
• 2024 жыл — 280
• 2025 жыл — 186
Қол жеткізілген нәтижелер медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және кадр даярлау жүйесін дамыту бойынша қабылданған кешенді шаралардың тиімділігін дәлелдейді.
Ұқсас жаңалықтар
Былтыр фитосанитарлық инспекторлар 3,6 мың бұзушылықты анықтады
- авторМағжан Орынбасар
- 14 сәуір, 2026






