Елімізде

Қазақстанда өндірісті локализациялау бойынша жаңа келісімдерге қол қойылды

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының машина жасауды дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауылшаруашылық техникаларын шығаратын жетекші компаниялары басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кездесуге қатысушылар өнеркәсіп кооперациясын тереңдету, өндірісті локализациялау және отандық кәсіпорындарға заманауи агротехнологиялар енгізу мәселелерін талқылады. 

Премьер-министр аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасының тұрақты және болжамды нарығын қалыптастыратынын атап өтті. Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары шамамен 24 млн гектарды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 трлн теңгеден асып, 6%-дан астамға өсті. Астық жинау 26 млн тоннаға, майлы дақылдар 5 млн тоннаға жетті. 

Еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника бірлігі пайдаланылуда. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ды құрады.

Нысаналы мақсат – бұл көрсеткішті жыл сайын 10%-ға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау шараларының жүйелі тетігі қалыптастырылған, оның ішінде техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-на дейін субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша жүктемені төмендету, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну қарастырылған.

Қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже беруде – соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35%-ға артып, 7,7 мыңнан 10,4 мың бірлікке дейін өсті. 

Сонымен қатар сұраныс құрылымы анағұрлым күрделі әрі жоғары технологиялық машиналарға қарай ауысуда. Бүгінде жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы отандық техниканың үлесі шамамен 90%-ға жетті.

Халықаралық серіктестер локализацияны одан әрі тереңдетуге, технологиялар трансферіне, сервистік инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан нарығында қатысуды кеңейтуге қызығушылық білдірді. Толық технологиялық тізбекті қалыптастыру және отандық шаруалар үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықтардың қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Өнімі 40-тан астам елге тарайтын, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші жетекші компания Väderstad Group-тың (Швеция) директорлар кеңесінің мүшесі Кристина Старк Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты:

Компаниялардың топ-менеджерлері серіктестікті дамытуға дайын екендігін білдірді. Олардың қатарында Dewulf компаниясынан – Хендрик Декрамер, Amity Technology – Майк Спренгер, Lindsay Corporation – Ричард Гарольд, Frans Vervaet B.V. – Робин Верват, Brandt – Филип Коржчак, Kuhn Group – Джеки Кирч және тағы да басқалар бар.

Қазақстан тарапынан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің пікірлері тыңдалды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік базасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қою рәсімі өтті.

Келісім «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» ЖШС мен әлемдік жетекші өндірушілер – Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt компаниялары арасында жасалды.

Уағдаластықтарды жүзеге асыру саланың әлеуетін күшейтеді және Қазақстанның жаһандық өнеркәсіптік өндіріс жүйесіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.