Елімізде

Қазақстанда оқушылар мүддесін қорғайтын 40 балалар омбудсмені сайланды

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Елімізде мектеп парламенттері мен балалар қозғалысының көшбасшылары арасында балалар омбудсмендерін сайлау өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іріктеу нәтижесінде Республикалық кеңес құрамына еліміздің түкпір-түкпірінен 40 жас құқық қорғаушы қабылданды. Енді олар Қазақстанның барлық өңірлерінде оқушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға атсалыспақ.

«Біз үшін әр баланың өз тағдырына қатысты шешімдерге үн қосып, ықпал ете алуы аса маңызды. Балалар омбудсмендері – баланың үні естіліп қана қоймай, ескерілетін жүйенің ажырамас бөлшегі. Біз оларды балалардың құқықтарын қорғаудағы сенімді серіктестеріміз деп білеміз. Өйткені олардың көмегімен біз балалардың көзқарасын тереңірек түсініп, шынайы әрі нақты шешімдер қабылдай аламыз», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Еске сала кетейік, балалар өкілдігі институты өз қызметін 2020 жылдан бері атқарып келеді. Жыл сайын еліміздің барлық білім беру ұйымдарында өтетін балалар омбудсмендерінің сайлауы бүгінде балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.