Елімізде

Қазақстанда СЭС саласындағы қызметтерді цифрландырудың пилоттық жобасы іске қосылады

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жобаны Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады. Жаңа жүйе арқылы кейбір қызметтер азаматтар мен ұйымдарға қосымша өтінішсіз автоматты түрде ұсынылады. Пилот «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау платформасы негізінде өтеді.

Жоба шеңберінде мемлекеттік және жеке ақпараттық жүйелерді қауіпсіз интеграциялау, дербес деректерді сенімді қорғау және азаматтарға проактивті форматта, яғни артық қадамдарсыз қызмет көрсету көзделген. Сонымен қатар келесі жылдан бастап бірқатар қызметтер «электрондық үкімет» порталы арқылы қағазсыз форматта қолжетімді болады.

Олардың қатарында санитариялық-эпидемиологиялық сала маманының сертификатын беру, жоғары эпидемиологиялық маңызы бар нысандарға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды шығару, зиянды заттар мен физикалық факторларға қатысты қорытынды беру және патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат рәсімдеу қызметтері бар.

Пилоттық жобаның ұзақтығы 12 айды құрайды. Цифрлық шешімдерді енгізу халық үшін мемлекеттік қызметтерді жылдам, ыңғайлы әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.