Қазақстанда жарты жылда 16 мыңға жуық жол апаты тіркелді
- авторБақытжан Бекболат
- 17 шілде, 2025
- 597
Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны және соның салдарынан зардап шеккен балалардың үлесі күрт өскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері елде 15 698 жол апаты тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға көп. Апаттар салдарынан 955 адам қаза тапқан.
Бақылаушы органды алаңдатып отырған негізгі мәселенің бірі — балалар жарақатының көбеюі. Жыл басталғалы бері 5552 бала жол апатынан зардап шеккен. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 74,3%-ға көп. Қаза тапқан балалардың саны да артқан — былтыр 126 болса, биыл 135-ке жеткен (өсім 7,1%).
Жол апаттары көбінесе республикалық маңыздағы тас жолдарда болған. Мұнда 1401 оқиға тіркеліп, 355 адам қайтыс болды, 2791 адам жарақат алды. Жалпы жараланғандар саны 3146 адамға жетті.
Ең көп жол апаты Алматы облысында – 404 оқиға. Одан кейін Ақмола облысы – 126 және Жамбыл облысы – 121 апатпен тұр. Ал адам өлімі ең көп тіркелген өңірлер – Түркістан, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстары.
Жол апатына себеп болғандардың басым бөлігі – жеңіл көлік жүргізушілері (12 046 оқиға). Бұдан бөлек:
автобус жүргізушілері – 520,
мопед жүргізушілері – 438,
жүк көліктері – 390,
жаяу жүргіншілер – 428,
велосипед мінгендер – 114,
шағын электр көліктерін жүргізгендер – 58,
электросамокат жүргізушілері – 48 жағдайда апатқа себеп болған.






