Қазақстандық банктерге «ислам терезесін» ашу мүмкіндігі беріледі
- авторБақытжан Бекболат
- 6 қараша, 2025
- 306
Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу мен дамытуға қатысты ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл құжаттар Президент Жолдауларында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленіп, банк қызметін мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары мен міндеттерін айқындайды.
Заң жобасының басты бағыттарының бірі – банк қызметін тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту. Бұған дейінгі пруденциалдық реттеу банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етсе, енді мінез-құлықты қадағалау тетігі енгізілмек. Ол банктердің клиенттермен жұмысындағы ашықтық пен адалдықты арттырып, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға баса назар аударады. Сонымен қатар, бұл жүйе келісімшарттардың нақтылығын, ақпараттың толықтығын және сотқа дейінгі дауларды шешу жолдарының қолжетімділігін қамтамасыз етпек.
Осы мақсатта заң жобасында қаржы омбудсменінің бірыңғай кеңсесін құру қарастырылған. Бұл кеңсе қазіргі банк, сақтандыру және микроқаржы салаларындағы омбудсмен институттарын біріктіреді. Сонымен бірге банктерге қаржы өнімдері туралы толық және нақты ақпаратты, соның ішінде пайыздық мөлшерлемелер мен несие шарттарын ашық жариялау міндеттеледі.
Бәсекелестікті арттыру және банк нарығына қол жеткізуді жеңілдету мақсатында банктерге берілетін лицензиялардың екі түрі — негізгі және әмбебап — енгізіледі. Негізгі лицензия шектеулі операцияларды қамтыса, әмбебап лицензия кең ауқымды қызмет түрлерін орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, заң жобасында банктерге ислам қаржыландыру қағидаттарына негізделген “ислам терезесі” бөлімшелерін ашу мүмкіндігі ұсынылған. Қазіргі таңда Қазақстанда ислам банкі қызметі тек жеке ислам банктері арқылы жүзеге асырылады. Ал жаңа нормалар банктерге шариғат талаптарын сақтай отырып, исламдық өнімдерді ұсынуға және қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттыруға жол ашады.
Жалпы алғанда, жаңа заң жобасы банктер мен олардың клиенттері арасындағы қатынасты әділ, ашық әрі қауіпсіз етуге, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен әртараптандырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.






