жексенбі, 3 мамыр, 2026 17:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанның су айдындарында адам шығыны 29 пайызға төмендеген

Қазақстанның су айдындарында адам шығыны 29 пайызға төмендеген
ТЖМ
Бұл туралы министрлік мәлім етті

Қазақстанның су айдындарында адам шығыны соңғы үш жылда 29 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі бұл көрсеткішке құтқарушыларды заманауи техникамен жарақтандыру және жасанды интеллектіні енгізу арқылы қол жеткізілгенін жеткізді.
Ведомство мәліметінше, елімізде суға кету фактілерінің тұрақты төмендеуі байқалады. Егер 2023 жылы шомылу маусымында 176 адам суға кеткен болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 125-ке дейін азайған.
Алайда кәмелетке толмағандардың қаза болуы әлі де өзекті мәселе. Статистика көрсеткендей, соңғы 3 жылда су айдындарында 142 бала мерт болған. Құтқарушылардың айтуынша, бұл қайғылы жағдайлардың басым бөлігіне ата-аналардың салғырттығы мен балаларды қараусыз қалдыруы себеп.
Биылғы шомылу маусымындағы басты жаңашылдық — цифрлық бақылау жүйелерін енгізу. Қазіргі таңда Алматы мен Қонаев қалаларының жағажайларында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камералары сынақтан өтіп жатыр.
— Бұл жүйелер жүзу аймағының шекарасын автоматты түрде анықтайды. Егер адам белгіленген қауіпті аймақтан асып кетсе, жүйе бірден сирена қосып, кезекші құтқарушыларға дабыл соғады. Сонымен қатар еліміздің 10 өңірінде жағалау сызықтары құтқару жасақтарының диспетчерлік бөлімдеріне қосылған. Бақылау жұмыстарына сирена мен жылу камералары орнатылған дрондар да белсенді тартылды, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде материалдық-техникалық базаның жаңаруы да маңызды рөл атқарды. Соңғы екі жылда республикалық бюджет есебінен 200 бірлік арнайы техника сатып алынған.
Қазіргі уақытта ТЖМ құтқару бөлімшелерінің иелігінде 13 мыңнан астам авариялық-құтқару жабдығы (гидрокостюмдер, байланыс құралдары, медициналық жабдықтар) мен 497 жүзу құралы (моторлы қайықтар мен катерлер) бар.
Бүгінде елімізде шомылуға рұқсат етілген 733 орын белгіленсе, 5 мыңнан астам учаске қауіпті деп танылған.

 

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар