«BAIQYMYZ» гастрофестивалінің жеңімпаздары анықталды
- авторБақытжан Бекболат
- 23 шілде, 2025
- 609
19–20 шілде күндері Астанада ұлттық тағамдар мен сусындарды дәріптеуге арналған ең ірі гастрономиялық фестиваль – «BAIQYMYZ – бапталған қымыз» өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген 50-ге жуық қымыз өндіруші қатысып, жалпы көлемі 35 тоннадан астам өнім ұсынылды. Соның ішінде Абай облысынан әкелінген 6 тонна қымыз сапасы мен дәстүрлі дайындау тәсілдерінің сақталуымен ерекшеленді.
Қазылар алқасы мен келушілердің жоғары бағасына ие болған Абай облысының «Саржал қымыз Бренд» атауымен біріккен өндірушілері бас жүлдені жеңіп алды. 20 миллион теңге көлеміндегі жүлде қоры «Жаныс» шаруа қожалығы, «Озат» шаруа қожалығы, «Барыс Ас» ЖШС, «Ералы» шаруа қожалығы және «Биамбеков С.К.» жеке кәсіпкерлігіне берілді.
Сондай-ақ «Күміс торсық» номинациясы бойынша да Абай облысының өнімі үздік деп танылды. Бұл марапат «Adil Qymyz» шаруа қожалығына табысталды.
Фестиваль аясында қымыз дайындаудың дәстүрлі әдістері көрсетіліп, шеберлік сағаттары мен көрмелер ұйымдастырылды. Қазақы жылқы тұқымдарының көрмесімен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Атап айтқанда, аударыспақ, арқан тарту, Асау Тәуелсіздік және тазы жарысы көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шара қымыз өндірісін қолдауға, ұлттық тағамдарды насихаттауға және өңірлік өнім өндірушілердің беделін арттыруға бағытталды.






