Әділет министрлігі халықаралық істерде тиімді нәтижелерге қол жеткізуде
- авторБақытжан Бекболат
- 11 шілде, 2025
- 576
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрлігі Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Ерлан Мусабаев хабарлады, деп жазады Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, қазіргі таңда 21 іс қаралуда: соның 13-і – халықаралық арбитраждарда, алтауы – шетелдік мемлекеттердің соттарында, тағы екеуі – сотқа дейінгі сатыда.
Ең көп талқыланған істердің бірі – канадалық World Wide Minerals уран компаниясымен ұзаққа созылған дау. Компанияның шағымы Целиноград тау-химия комбинатын басқару жөніндегі келісімшарттың бұзылуына және уран экспорттауға берілген лицензиядан бас тартуға байланысты болған. Шағым сомасы – 65 миллион доллар. Алайда Лондонның Жоғарғы соты Қазақстанның пайдасына шешім шығарып, бұрынғы шешімді жойды. Сот мемлекет тарапынан талапкерлер алдында ешқандай міндеттеме болмағанын растады.
«Ағылшын соттарында шағымдануға қойылатын талаптар өте жоғары. Мұндай істердің тек 2%-ға жуығы ғана сәтті аяқталады», – деп атап өтті Мусабаев.
Қазақстан үшін тағы бір оң шешім – Todini Impregilo Kazakhdorstroy бірлескен кәсіпорнымен болған іс. Париждегі арбитраж компанияның барлық талабын қабылдамай, шешімді Қазақстанның пайдасына шығарды.
«Халықаралық даулар санының азаюы – әділет министрлігінің жүйелі әрі кәсіби жұмысының нәтижесі», – деді Мусабаев.






