eGov.kz порталына кіру тәртібі өзгерді
Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мәлімдеді
Бұл жаңашылдық ақпараттық қауіпсіздікті арттыру және азаматтардың жеке деректерін қорғау мақсатында енгізіліп отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мәліметінше, енді eGov.kz порталына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіргеннен кейін пайдаланушы өз жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-код арқылы қосымша растауы қажет болады.
Негізгі мақсат – ЭЦҚ кілтінің жоғалуы немесе бөгде тұлғалардың заңсыз қол жеткізуінің алдын алу. Бұл екі сатылы авторизация жүйесі азаматтардың деректерін қорғауға бағытталған.
SMS келмесе не істеу керек?
Егер 1414-тен SMS келмесе, пайдаланушының телефоны eGov.kz порталындағы жеке кабинеттің параметрлерінде тіркелгенін тексеру қажет.
Нөмір тіркелмеген жағдайда хабарламалар жеткізілмейді. Нөмірді тіркеу жөніндегі нұсқаулық порталдың өзінде қолжетімді.
SMS-кодсыз кірудің басқа жолы бар ма?
Иә. eGov Mobile қосымшасы арқылы авторизация жасауға болады. Ол үшін портал бетіндегі QR-кодты қосымша арқылы сканерлеу жеткілікті.
ЭЦҚ-ны басқаға беруге болмайды
ЭЦҚ – жеке тұлғаның жеке қолтаңбасына тең құрал. Оны басқа адамға беру заңмен тыйым салынған және бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Заңды тұлғалардың атынан тек ұйым басшысы немесе ресми өкілетті тұлғалар ғана ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қоя алады.