Екібастұзда медициналық мекемеде төбелес орын алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Үш мас адам травмпунктке келген дәрігерге шабуыл жасаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көмек сұрап келген ер адам мен оның жанындағы екі азамат өзін агрессивті ұстап, медицина қызметкеріне күш қолданған. Оларды тоқтатуға тырысқан медбике де зардап шеккен.
– Бөлмеден шығудан бас тартқан олар дәрігерге жұдырық жұмсаған. Араша түспек болған мейірбике де соққыға жығылып, дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта зардап шеккен екі медицина қызметкері де алған жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды, – делінген Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Оқиғаға қатысты күдіктілер ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен дәрігерлерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Айта кетейік, медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін заң бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.





