Елімізде 100-ден аса теміржол нысаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 15:40
- 57
Қазақстанда теміржол вокзалдарын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы еліміз бойынша 124 нысанды кешенді жаңарту басталды. Бағдарлама жолаушыларға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолжетімділік пен жайлылық деңгейін арттыруға, сондай-ақ навигацияны, қауіпсіздікті және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Вокзалдардың шамамен 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып келген. Бүгінде 121 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстар белсенді кезеңде: 36 вокзалда қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, оның ішінде 19 нысан 2025 жылы, 17 нысан 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталды. Тағы 46 вокзалда жұмыстар аяқталу сатысында.
2025 жылы Жақсы, Курорт-Бурабай, Макинка, Шортанды, Ұзын-Ағаш, Шамалған, Сағыз, Мақат, Талдықорған, Ақши, Теміртау, Айса, Құшмұрын, Аманқарағай, Талап, Қазалы, Бозшакөл, Тайынша және Жаңаесіл станцияларында жұмыстар аяқталды.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Семиглавый Мар, Мырза, Сарышаған, Көктұма, Ағадыр, Қарағанды-Сұрыптау, Жаңақорған, Шиелі, Жетісу, Қарасор, Тобыл, Қалқаман, Доссор, Қызылжар, Саумалкөл, Жалтыр және Аққыстау станцияларында қайта жаңарту аяқталды.
Қалған нысандардағы жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңғырту нәтижесінде жолаушылар заманауи күту залдарына, жаңартылған навигация және ақпараттандыру жүйелеріне, сондай-ақ жетілдірілген инженерлік шешімдерге қол жеткізеді. Бұл еліміздің теміржол инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай келетін қауіпсіз әрі жайлы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.






