Елімізде 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану тоқтатылады
Бұл жайлы «Отбасы банк» мәлімдеді.
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану тәртібі уақытша өзгертілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Отбасы банкінің» ресми мәліметіне сәйкес, 15 қыркүйектен бастап enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге БЖЗҚ қаражатын пайдалану бойынша жаңа өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылады.
Банк өкілдерінің айтуынша, 15 қыркүйекке дейін берілген барлық өтінімдер бұрынғы тәртіп бойынша қаралып, өңделетін болады. Алайда жаңа өтінімдерді қабылдау қайта қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Бұл өзгеріс қаржы саласында анықталған бірқатар заң бұзушылықтарға байланысты қабылданған болуы мүмкін. Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған құжаттар арқылы 200 млрд теңгеден астам қаражаттың заңсыз шығарылғанын мәлімдеген. Көп жағдайда алаяқтық схемаларда стоматологиялық қызмет көрсету тетігі пайдаланылғаны анықталған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс азаматтардың зейнетақы жинағын қорғау және қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу мақсатында енгізіліп отыр.
Айта кету керек, бұған дейін берілген өтінімдерге шектеу қойылмайды – олардың барлығы бекітілген тәртіпке сәйкес толық қаралып, жүзеге асырылады.
Зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметтерге пайдалану тәртібіне қатысты жаңа талаптар туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатын болады.