Елімізде 2900-ден астам шаруа көктемгі егіс жұмыстарына арналған ерте қаржыландыруға қол жеткізді
Қаржыландырудың ерте басталуы шаруаларға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
2026 жылғы маусымдағы көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасын іске асыру белсенді түрде жалғасуда. Бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы қазанда басталған болатын. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде белгіленген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінгі күні 519 млрд теңге сомасына 3534 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінімдер пулы қалыптастырылды. Қазіргі уақытта 3 млн гектардан астам егіс алқабын қамти отырып, 288 млрд теңге сомасына 2936 өтінім қаржыландырылды.
Сонымен қатар, «Даму» қоры арқылы қарыздарды кепілдендіру тетігі іске асырылуда. Бұл несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 111,5 млрд теңге сомасындағы қарыздар бойынша 753 кепілдік берілген.
«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау өткен жылдың 1 қазанында Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталды.
Қаржыландырудың ерте басталуы шаруаларға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталады.
Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен жүргізуге ғана емес, сонымен қатар орақ науқанына және маусымдық шығындарды қаржыландыруға да қолжетімді. Қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалдық желісі және ел бойынша серіктес қаржы институттары арқылы ұсынылады.