Елімізде

Энергетика министрлігі: Жер қойнауын пайдаланушыларға 50 млрд теңге айыппұл салынды

Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстанда көмірсутектер саласында келісімшарттық талаптарды сақтамаған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұлдар салынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бүгінде еліміз бойынша көмірсутектер саласында 327 келісімшарт бар. Оның ішінде 133-і барлауға, 12-сі дайындық кезеңіне, ал 182-сі өндіруге арналған.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 маусымнан бастап қолданыстағы заңнамаға сәйкес келісімшарттық міндеттемелерді орындауды бақылауға бағытталған кешенді мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушыларға салынған айыппұлдар мен берешектердің жалпы сомасы 50 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде тек 2024 жылдың өзінде 19 млрд теңге айыппұл тіркелген.

Энергетика министрлігі 160-тан астам хабарлама жіберген. Қазіргі таңда шамамен 1 млрд теңге өндіріліп үлгерген, қалған соманы өтеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 9 айында келісімшарттық талаптарды бұзғаны үшін жер қойнауын пайдалану бойынша 11 келісімшарттың күші жойылды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар саладағы тәртіпті күшейтуге, заңнамалық талаптардың толық орындалуын қамтамасыз етуге және ел экономикасына түсетін түсімдерді арттыруға бағытталған.